Шымкент қаласының тұрғыны Салима есімді әйел өмір жолында бастан кешкен қиындықтарын бөлісіп, не себепті бұрынғы күйеуіне қайта қосылғанын ашық айтты. Оның айтуынша, отбасылық өмірге оралуына басты себеп – «байы бар» деген әлеуметтік мәртебе болған.
Мектеп кезінен сүйген жігітінің орнына, еркінен тыс алып қашылған Салима амалсыздан бейтаныс жігітке тұрмысқа шыққан. Күйеуінің бойы аласа, келбеті де көңілінен шықпаған. Сол себепті ол ұзақ уақыт бойы күйеуіне «амалсыздан қосылдым» деп көңілсіз қарап, өз сезімін жасыра алмаған.
Уақыт өте ұрыс-керіс жиілеп, енесінің отқа май құйған сөздерінен соң күйеуі қызғаншақ, дөрекі адамға айналады. Ақыр соңында ішімдікке салынып, жұдырық ала жүгіретін жағдайға жеткен. Салима екі баласын алып, ата-анасының үйіне кетіп қалады. Бірақ төркінде де жағдай оңалмай, үй ішіндегілердің суық қарым-қатынасы мен қаладағы жалдамалы пәтердегі ауыр күнкөріс салдарынан әйел қатты күйзеліске түседі.
Кейін өзге әйелдердің де күйеуінен көріп жүрген қиындықтарын көріп, бұрынғы күйеуінің кейбір қылықтары кешірімді көріне бастайды. Ол балалар үшін бұрынғы отбасына қайта қосылуға шешім қабылдайды. Ата-аналары мен енесі де бұл шешімді құптап қарсы алған. Бірақ бәрі күткендей бақытты бола қоймайды.
Күйеуі баяғы әдетіне қайта басып, әр той-мерекеден кейін себепсіз жанжал шығарып, Салиманы қызғанатын болған. Әйел балалары үшін бәріне көз жұмып, отбасын сақтауға тырысатынын айтады.
«Ішім жылап тұрса да, сырт көзге бәрі жақсы сияқты болып көрінуге тырысам. Балаларым үшін үндемеймін, өзімді күйеуімнен төмен ұстауға да үйрендім. Баяғы тәкаппар мінезімнен жұрнақ та қалмады. Бақыттымын ба, жоқ па, оны өзім де білмеймін. Бірақ ‘байы бар’ деген атағым бар. Қоғамда бұл да маңызды екен...», – деп сырын ақтарды Салима.