Қомақты қаражат: қазақ боксшылары әлем чемпионатында қанша табыс табатыны белгілі болды

3 шілде, 2025 / Ахмет Қанатұлы
olympic.kz. Суретте: Төрехан Сабырхан

Халықаралық бокс қауымдастығының (IBA) президенті Умар Кремлёв әлем чемпионатының жүлде қоры 25 миллион долларға дейін ұлғаятынын мәлімдеді, деп хабарлайды Sportinside.kz.

Қазіргі таңда әлемде екі түрлі бокс ұйымы бойынша әлем чемпионаты өтеді: бірі – жаңадан құрылған World Boxing ұйымы аясында, бұл олимпиадаға іріктеумен айналысады, ал екіншісі – IBA ұйымдастыратын турнир. Айта кетейік, IBA бірнеше жыл бұрын олимпиадалық бокстан шеттетілген болатын.

Кремлёвтің айтуынша, IBA турнирінде жеңіске жеткен спортшы 1 миллион доллар табыс таба алады:

«2028 жылы әлем чемпионатының жүлде қоры 25 миллион доллардан асады. Бұл турнирді екі жылда бір емес, үш жылда бір өткізетін боламыз, өйткені ол спортшылар үшін басты турнир болуы керек. Жеңімпаз 1 миллион доллар алады. Тіпті 4-5-орын алған спортшылар да сыйақы алады. Өйткені олар өмірінің жартысын осы жарысқа дайындыққа арнайды. Қазіргі заманда қаржысыз ештеңе бітпейді», — деді Кремлёв.

2025 жылы наурызда Сербияда өткен IBA әлем чемпионатында алтын медаль үшін 100 мың доллар берілген еді. Сол жарыста Қазақстан әйелдер құрамасы үш алтын, екі күміс және бір қола медаль жеңіп алып, жалпы 425 мың доллар көлемінде сыйақыға ие болған.

Айта кету керек, Қазақстан ресми түрде жаңа World Boxing ұйымына кіргенімен, қазақстандық боксшылар IBA турнирлеріне қатысуды жалғастырып жатыр.

Тэгтер:

Төрехан Сабырхан Бокс Әлем чемпионаты қаражат ІВА Умар Кремлёв