Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасы 2026 жылғы Еуропа чемпионатына жолдама алу үшін плей-офф кезеңінде Италиямен бақ сынайды, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Жеребе 3 шілдеде тартылып, Еуро-2026 финалдық кезеңіне өтуге мүмкіндік беретін төрт жұп анықталды. Олар:
- Италия – Қазақстан
- Венгрия – Румыния
- Бельгия – Босния және Герцеговина
- Грузия – Словакия
Плей-офф матчтары 2025 жылдың 15 және 24 қыркүйегінде өтеді. Қос ойын нәтижесі бойынша жеңіске жеткен командалар Еуро-2026 финалдық кезеңіне жолдама алады.
Айта кетейік, финалдық турнир 2026 жылдың 20 қаңтары мен 7 ақпаны аралығында өтеді. Бастапқыда чемпионатты қабылдайтын елдер ретінде Латвия мен Литва таңдалған болатын. Алайда бұл елдер Беларусь құрамасын қабылдаудан бас тартқаннан кейін УЕФА ұйымдастырушылар қатарына Словенияны да қосты.