Әлемдік аренада ел намысын абыроймен қорғаған ауыр атлет, Олимпиада ойындарының жүлдегері Жазира Жаппарқұл қысымға ұшырап отыр, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Бұл туралы спортшыдан сұхбат алған журналист Ақырыс Сейітқазы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. Оның айтуынша, Жазира Жаппарқұл жақында берген сұхбатынан кейін Шымкент қалалық спорт басқармасынан қысым көре бастаған.
"Таңертең Жазира хабарласты. Маған сұхбат берген соң, Шымкент қалалық спорт басқармасы тарапынан қысым көрсетіліп жатыр. Олар оның базарда сауда жасап жүргенін сынға алып, "солай істейтін болсаң, спорт мектебіндегі орныңды босат" деп отыр. Жазира мемлекеттік ArtSport бағдарламасы аясында 20 миллион теңгеден астам қарызға кіріп кеткен. Спорт мектебінде алатын 350 мың теңге жалақысы қарызын жабуға жетпейді. Сондықтан ол қосымша табыс табу үшін тойбастар мен бесік құралдарын базарда сатады", – дейді журналист.
Жазира Жаппарқұлдың айтуынша, денсаулығына байланысты демалыс алған. Артспорт аясында алған спорттық құралдарының бір бөлігін арзанға, ал енді бір бөлігін тегін беруге мәжбүр болған. Қалған спорттық жабдықтар – кілемдер мен татамилер – қорада шаң басып тұр.
Ақырыс Сейітқазы бұл жағдайға бейжай қарауға болмайтынын айтып, спорт басқармасы мен Мәдениет және спорт министрлігін Жазира сияқты қарапайым қазақ қызын қолдауға шақырды.
"Олимпиададан жүлде алған қыздарымыз көп пе еді? Чемпиондарымыз толып жатыр ма? Қарызын өтеу үшін базар аралап жүрген Жазираға неге сонша шүйліктіңдер? Министрлік осындай спортшының жағдайын шешіп бермегенде, кімнің жағдайын шешеді?" – деп ашына жазады ол.
Еске сала кетейік, Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері, зілтемірші Жазира Жаппарқұл қазіргі уақытта саудамен айналысып жүргенін айтқан еді.