"Хейтерлер жастарға жол бермейді дейді": Асхат Тағыберген құрамадан кетуінің себебін түсіндірді

"Хейтерлер жастарға жол бермейді дейді": Асхат Тағыберген құрамадан кетуінің себебін түсіндірді

фото: kff.kz. Суретте: Асхат Тағыберген

Бүгін Солтүстік Македонияға қарсы өткен матчтан кейін Қазақстан құрамасының капитаны Асхат Тағыберген ұлттық құрамадағы мансабын ресми түрде аяқтағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Sportinside.kz.

Бұл жаңалық көп жанкүйерді таңғалдырса да, ойыншының өзі бұл шешімді жүрегімен қабылдағанын айтады. 2014 жылдан бері ұлттық құрама сапында тер төгіп келе жатқан жартылай қорғаушы өз сөзінде:

«Қолдап жатқан жанкүйерлерге мың алғыс! Ұлттық құрамаға жеңіс, табыс және ӘЧ мен Еуроға шығуын тілеймін. Қолымнан келгенше көмектестім. Осы жанұяның бір бөлшегі әрі капитаны болғаныма қуаныштымын», – деп, ұлттық командаға алғысын білдірді.

Асхат шешімін ойынға дейін-ақ қабылдап қойғанын, жеңіске жетсе де, оны өзгертер ниеті болмағанын жеткізді:

«Жеңіске жетсек те, ойымды өзгертпес едім. Өйткені жүрегімді тыңдап, шешім қабылдап қойдым», – деді ол шынайы сезіммен.

Ол сонымен қатар, жастарға орын беру мәселесіне қатысты да пікірін білдірді:

«Хейтерлер ‘жастарға жол бермейді’ дейді. Міне, жастарға жол бердік. Енді құрама жақсы ойнап, Әлем чемпионатына шығады деген ойдамын», – деп, өз орнын лайықты буынға тапсырып жатқанын жеткізді.

Киім ауыстыратын бөлмеде серіктестері оның мұндай шешім қабылдайтынын күтпеген екен.

«Жігіттер кетуге әлі ерте екенін айтып, қимады. Киім ауыстыратын бөлмеде де осындай мәлімдеме жасамайды деп үміттенді», – дейді футболшы.

Тағыберген алдағы өмірін футболдан алыстатып, отбасына көбірек көңіл бөлгісі келетінін де жасырмады:

«Ары қарай өзімді футболда көрмеймін. Бапкер де, функционер де болғым келмейді. Бірақ өз уақытында ондай ой келіп қалар. Бұйырғанын көреміз. Бала-шағама көңіл бөлгім келеді. Енді клубтық деңгейде тағы 2-3 жыл ойнайтын шығармын», – деп ағынан жарылды.