«Үйімді тартып алып, нәрестеммен қуып шыққан»: кәсіпкер әйел күйеуінің опасыздығын есіне алды

3 шілде, 2025 / Ахмет Қанатұлы

«Жетім мен жесірдің көз жасын Құдай жібермейді» деген рас екен. Бұрын «сүйем» деген күйеуім кейін мені баламмен далаға тастап кетті. Енді өзі пәтерін сатып, күн көруге мәжбүр. Ал мен еңбекпен көтеріліп, жеке кәсібімді дөңгелетіп отырмын», – дейді Эльмира есімді әйел.

Оның ауыр тағдыры мен табанды еңбегі – кез келген оқырман үшін өмірлік сабақ.

Балалар үйінде өскен Эльмира биологиялық ата-анасын ешқашан көрмеген. Мектептен кейін аспаздықты оқып, кондитер болуды армандағанымен, сүйіктісі оны аяқ астынан алып қашып, өмірін күрт өзгерткен. Алғашқыда пәтер жалдап тұрған олар ата-енесінің ықпалымен бөлек кетеді. Көп ұзамай Эльмира ана атанып, бірақ осы сәттен бастап күйеуінің мінезі өзгере бастайды.

Күйеуі бала жыласа үйден кетіп қалатын, ал Эльмира барлық қиындықты «қызы үшін шыдау керек» деп қабылдаған. «Басында неке де тіркелмеген едік. Бірақ ол мені “үй аламыз” деген желеумен кезекке қойды. Пәтер берілген соң, ол үйді анасымен келісе отырып, өз атына жаздырып алып, бізді қуып шықты», – дейді кейіпкер.

Қатты күйзелісте жүрген Эльмира жүзігін ломбардқа өткізіп, сол ақшаға бөлме жалдайды. Қиын күндерде оған көмектескен орыс кемпір – баба Нина. Жылы орын мен балаға қарайласқан ол әйелдің өз кәсібін бастауына түрткі болады. Эльмира бәліш пен самса пісіріп, дүкендерге өткізе бастайды. Уақыт өте келе тапсырыс көбейіп, өз ісін дөңгелетеді. Қазір ол – он адам жұмыс істейтін табысты кәсіпкер.

Бір күні арзан пәтер іздеп жүрген Эльмира бұрынғы күйеуінің үйіне кездейсоқ барады. Оның азып-тозғанын, жанындағы әйелмен бірге араққа салынғанын көріп, өткен өмірі көз алдынан өтеді. «Бір кезде мені тастап кеткен адам енді маған пәтер сатпақ. Қолын созғанда бетіне түкіріп, қызыма жолама деп көлігіме отырып кетіп қалдым», – дейді ол.

Эльмира бүгінде өз кәсібін дамытып, қызына жақсы тәрбие беріп отырған мықты ана. «Үйіңді сатып алам деп алдауға да болар еді, бірақ мен ондай арамдыққа барғым келмеді. Өмір – бумеранг. Қазір бәрі жақсы. Аллаға шүкір», – деп аяқтайды ол әңгімесін.

Бұл – жалғыздықтан, қиындықтан қорықпай, еңбекпен жетістікке жеткен әйелдің өмір жолы.