"Жездем үйлену туралы ұсыныс жасады": опық жеген әйел тағы бір өмірлік таңдаудың алдында тұр

3 шілде, 2025 / Ахмет Қанатұлы

Үш жыл бұрын әпкесінен айырылып, артында қалған жиендерін өз қамқорлығына алуға тырысқан келіншек бүгінде күтпеген шешім қабылдаудың алдында тұрғанын айтады. Оның айтуынша, марқұм әпкесінің күйеуі – яғни жездесі – үйленуге ұсыныс жасаған. Бұл жаңалықты әйел ERNUR.KZ порталы арқылы бөлісіп, оқырмандардан кеңес сұраған.

"Күйеуіммен айырылысқаныма он жылға жуықтапты. Балаларым үшін отбасымды сақтап қалуға тырыстым, бірақ ол бәрінен бас тартып, бізді тастап кетті. Содан бері жалғызбын. Ал әпкем өмірден өткеннен кейін жиендерімізбен байланыс үзілмесін деп жиі шақырып, жездеммен де жақынырақ араласа бастадық. Ол маған жуырда мүлде күтпеген ұсыныс жасады. «Сен де жалғызсың, мен де. Балалар сенің қасыңда болғанда сабырлырақ. Неге бірге тұрмасқа?» деді", – дейді кейіпкер.

Алғашында тосын ұсыныстан тосылып қалған ол біраз ойланып, шешім қабылдау қиынға соққанын айтады. Анасы да бұл жайында ойын айтып, баласының жеке бақыты үшін алаңдап отырғанын білдірген.

"Анам: «Екеуің де өмірдің ащы-тұщысын көрдіңдер, халықтың сөзіне емес, өз болашағыңа қара. Жездем – жақсы адам, нағыз әке болуға лайықты», – деп қолдады", – дейді келіншек.

Жездесінің ұсынысына келіссе, балаларға да, өзіне де қамқорлық көрсететінін айтып сендірген. Алайда бұл шешімге келгенде әйелдің көңілі екіге жарылып отыр.

"Иә, жанымда арқа сүйер азамат болғанын қалаймын. Балалар да ана мен әке мейірімін қатар сезінсе деймін. Бірақ бұл шешім кейін өкінішке ұрындырмай ма деген қорқыныш та жоқ емес", – дейді ол.

Келіншек әзірге нақты жауап беруге асықпай, жездесінен де уақыт сұраған. Оның айтуынша, бұл қадам тек өзінің емес, балалардың да болашағына әсер ететін болғандықтан, аса мұқият ойлануды қажет етеді.

Бұл оқиға – махаббат, жауапкершілік пен отбасы алдындағы борыш араласқан күрделі таңдау. Енді кейіпкер қоғамнан қолдау мен шынайы кеңес күтеді.