Шымкенттік жас келін Ұлжан отбасылық өмірде тек ер азаматтар ғана емес, енелер де тиран болуы мүмкін екенін айтады. Оның сөзінше, өзі де сондай қатыгез ененің кесірінен шаңырағынан безіп, төркінін паналауға мәжбүр болған. Басынан өткен ауыр жағдайын ERNUR.KZ тілшісіне баяндап берді.
Ұлжан университетті тәмамдап, мектепте мұғалім болып екі жыл жұмыс істеген соң ғана тұрмыс құрған. Өз сөзінше, ақыл тоқтатып, өмірлік шешімді саналы түрде қабылдаған. Бірақ жаңа түскен шаңырағында енесінің қатаң тәртібі мен билігіне тап болады.
«Беташардан кейін енем мені алдына шақырып: ‘Бұл үйде менің сөзім – заң. Айлық карточкаңды да маған тапсырасың’ деді. Қазақы тәрбиемен үлкен кісінің сөзінен аса алмай, келісім бердім. Бірақ кейін өз ақшамды жарата алмай қиналдым. Жұмыста ақша жинау, жеке қажеттіліктеріме жұмсау сияқты жағдайларда үнемі енемнен рұқсат сұрап, өзімді төмен сезіндім», – дейді жас келін.
Есепші апайының кеңесімен Ұлжан жаңа банк картасын ашып, жалақысын өз бетімен алатын болады. Бұл шешімі енесінің ашуын туғызып, үй ішіндегі жағдай одан сайын шиеленісе түседі. Енесі тамаққа тұз қосып кету, ыдыс сындыру, киім-кешекті шашып тастау сияқты түрлі әрекеттерге барады.
«Жұмысқа кетерде барлық затты жинап кетсем де, қайтып келсем бөлме астан-кестен. Киімдерім жоғалды. Бірақ енеммен сөзге келмеуге тырыстым. Күйеуім үшін шыдап бақтым», – дейді Ұлжан.
Одан кейінгі ауыр сәт – жас келіннің аяғы ауырлағаннан кейін де енесінің жала жапқаны болды. Оны бөтен еркектермен қатысы бар деп айыптап, күйеуінің көзінше қаралайды. Осы жаладан соң Ұлжан төркініне кетуге мәжбүр болады.
«Күйеуім мені емес, анасын жақтап кетті. Ешбір сөз айтып, мені қорғаған жоқ. Сонда жанымды ауыртқаны – сүйген адамымның үнсіздігі болды», – дейді ол.
Қазір Ұлжан төркінінде төрт айлық сәбиімен бірге. Күйеуі келіп тұрады, бірақ әлі күнге дейін енесінен кешірім де, хабар да жоқ. Ал күйеуі болса «үйге қайтайық, үлкен адам ғой, кешірім сұрай салшы» деп айтады.
Ұлжан енді өмірлік шешімді өзі қабылдауы керек екенін түсінеді.
«Не үшін мен кешірім сұрауым керек? Сонда енемнің істегені дұрыс па? Күйеуім де бөлек шығуға келіспей отыр. Бәрін шешетін – сол. Ал менің болашағым тұман секілді...» – дейді жас ана.