Алматы қаласының тұрғыны Маржантас есімді әйел өзінің өмір жолы туралы шынайы әңгімесін ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді. Ол бала кезінен "тоқал" сөзін жақтырмай, бұл жағдайға ешқашан тап болмаймын деп ойлағанын айтады. Алайда тағдырдың жазуымен ол бір отбасының екінші әйелі – тоқалы атанған.
Маржантас ұзақ жылдар бойы қызметке баса назар аударып, отбасын құруды кейінге қалдырып келген. Уақыт өте келе жасы 38-ге таяп, бала сүйгісі келетінін түсінген. Бұл ойдың тереңдей түсуіне жеңгесінің кеңесі түрткі болған. Жақындарының уайымын ескеріп, өзі үшін маңызды шешім қабылдап, өмірлік серік іздеуге бел буған.
Күтпеген жерден ол "құда бала" деп әзілдеп жүретін әріптесімен жақын араласып кетеді. Екеуінің арасында уақыт өте сезім пайда болып, кездесулер жалғасады. Біраз уақыттан соң Маржантас жүкті екенін біледі. Ол бұл жаңалықты сүйгенінің зайыбына да ашық айтып, ештеңе талап етпей, тек баланы дүниеге әкелгісі келетінін жеткізеді.
Күйеуінің бәйбішесі болса, керісінше парасаттылық танытып, оның бұл қадамын түсіністікпен қабылдайды. Бәйбіше тоқалмен ренжісудің орнына, баланың болашағы үшін екі әйелдің тату-тәтті өмір сүруі керектігін айтып, ресми түрде некеге тұруды ұсынады.
Қазір Маржантас үш баланың анасы. Бәйбішемен жақсы қарым-қатынаста, бір-бірін құрметтейді. Отбасындағы барлық іс-шараларды бірге атқарып, балаларды тату-тәтті тәрбиелеп отыр.
Ол сөз соңында бәйбішеге алғысын білдіре отырып, өмірдің кез келген сынағына мойымай, жүрек қалауымен жүріп, ана болу арманын жүзеге асырғанына өкінбейтінін айтты.