Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері, зілтемірші Жазира Жаппарқұл қазіргі уақытта саудамен айналысып жүргенін мәлімдеді. Бұл туралы ол Aqyrys Seitqazy YouTube арнасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Атақты спортшы бүгінде Шымкенттегі базарлардың бірінде кәсібін дөңгелетіп жатқанын жасырмады. Айтуынша, тауарларға өзі тапсырыс беріп, сауда орнында басы-қасында жүріп, ісін өзі қадағалайды.
«Базарда сауда жасаймын. Ол жерде өзімнің адамдарым тұрады. Арасында өзім де барамын. Ашып алып, кетіп қалу деген жоқ қой. Басы-қасында жүріп, қарап жүруің керексің. Барлық тауарды өзім тапсырыс беремін», – деді спортшы.
Жаппарқұлдың айтуынша, көпшілік оның сауда жасап жүргенін көріп, таңырқайтынын да жасырмайды. Алайда ол ешкімнің ісіне бөгет болып жатқан жоқпын деп есептейді.
«Сатып алушылар келгенде мені танып, «Сен базарға шығып кеттің бе?» деп таңданыспен сұрайды. Онда тұрған не бар?! Мен біреудің тамағын немесе жұмысын тартып алыппын ба? Ішіп кетсем, «мал болып кетті» деп айтады. Осындай жұмыс істеп жатсаң «мынадай» деп айтасыңдар. Оларға түзу сөйлеп үйреніңіздерші деймін», – деп ренішін білдірді Жазира.
Ол сондай-ақ кейбір адамдардың қолдау білдіретінін де атап өтті:
«Кейбір адамдар «дұрыс, жарайсың, сауда да береке бар» дейді. Менталитетіміз дұрыс емес сияқты. Ішіп-шегіп жүргенше, спортпен немесе бизнеспен айналысқан дұрыс».