Қазақстанның танымал боксшысы, қазіргі таңда Ұлттық Олимпиада комитетінің басшысы Геннадий Головкин беделді World Boxing ұйымының президенті болуға ниетті. Бұл жөнінде белгілі спорт журналисі Уәлихан Қосанбай "Yessen Yeleuken" YouTube арнасында мәлімдеді, деп жазады Sportinside.kz.
Бүгінде World Boxing ұйымын Нидерланд өкілі Борис ван дер Ворст басқарады. Дегенмен, ұйымдағы алдағы өзгерістерге байланысты оның бұл қызметте қала беруі белгісіз. Осы орайда 2 қыркүйек күні Үндістанның Нью-Дели қаласында өтетін World Boxing конгресінде жаңа президент сайланатыны белгілі болды.
Уәлихан Қосанбайдың айтуынша, дәл осы конгресте Геннадий Головкин президенттікке кандидат ретінде өз бағын сынамақ.
"Қазір World Boxing ұйымын Борис есімді нидерландтық азамат басқарады. Бірақ ол бұл орнында қала ма, жоқ па – белгісіз. Қыркүйекте Нью-Делиде өтетін конгресте президент сайлауы өтеді. Маған жеткен дерек бойынша сол сайлауға Геннадий Головкин де қатысады", – деді журналист.
Айта кетейік, Геннадий Головкин қазіргі уақытта World Boxing ұйымы жанындағы Олимпиадалық комиссияның төрағасы қызметін атқарып жүр. Бұл комиссия 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін жазғы Олимпиада ойындарындағы боксты ұйымдастыруды қадағалайды.