Жетісай қаласында өткен Қайрат Нұртастың концерті көпшіліктің есінде ұзақ сақталары анық. Себебі әншінің тыңдармандары концерт басталардан 9 сағат бұрын жиналып, ыстыққа қарамай күткен. Бұл туралы әншінің продюсері әрі анасы Гүлзира Айдарбекова өзінің Instagram парақшасында бөлісті.
«Жетісайда елдерден біраз әңгіме есітіп, бір жағынан қуансам, бір жағынан уайымдап қалдым – ауырып қалмаса болды деп… Үлкен апа, әжелер немерелерімен таңғы сағат 11-де келіп алыпты, Қайратты көреміз деп. Көбісі көрші ауылдың кісілері екен. Апа, Қайрат кешкі 8-де болады, күн жанып тұр, терлеп су болып кетіпсіз десе де, ешқайда кетпей күтіпті», – деп жазды ол.
Продюсер ананың айтуынша, Қайратты сағынған жұрттың қарасы қалың болған. Концертке 6 мыңға жуық адам жиналып, тыңдармандар арасында үлкендер де, балалар да, жастар да көп болған.
«Алла жүрегі “баламыз” деп елжіреген аналарымызға ғұмырлы да мәнді өмір берсін! Тек аналарымыз емес, еңбектеген баладан бастап жастарымыз да толы. Амандықтарыңызбен қуанта беріңіздер, жандарым сол! Жетісай халқына алғысымыз шексіз!», – деп ризашылығын жеткізді Гүлзира Айдарбекова.