«Жүрегім кез келген сәтте тоқтап қалуы мүмкін»: Бетперделі жігіт ауыр дертке шалдыққан қызға пәтер сыйлады (видео)

1 шілде, 2025 / Ахмет Қанатұлы
stan.kz

Қайырымдылық ісімен танылған "Бетперделі жігіт" тағы да жүрек тебірентерлік әрекетімен ел назарын өзіне аударды. Бұл жолы ол 13 жастағы ауыр диагнозбен өмір сүріп жатқан Алиме есімді қызға жаңа пәтердің кілтін табыстады.

Алиме – ерекше күтімді қажет ететін бала. Ол созылмалы QT интервалы синдромы деген өте сирек кездесетін диагнозбен өмір сүріп келеді. Бұл дерт жүрек қызметіне тікелей әсер етеді, кез келген сәтте жүрек тоқтап қалу қаупі бар.

"Кейінгі кезде жиі есімді жоғалтып, құлап қалатын болдым. Маған кардиодефибриллятор салу керек деді. Бұл өте қымбат ем. Анам екеуміз білезік тоқып, сатып, сол ақшамен күн көреміз, әрі еміме ақша жинаймыз", – дейді Алиме.

Жасөспірім қыз жалдама пәтерде анасымен және інісімен бірге тұрып келген. Қиындыққа толы күндерін еске ала отырып, ол Тәңірден тек бір тілегін – жақсылық жасаушы адам жолықса екен деп сұрағанын айтады.

Жеткіншектің тағдырынан хабардар болған "Бетперделі жігіт" Алименің арманына қанат бітірді. Ол:

Оқуы мен еміне қажетті қомақты қаражатты өз мойнына алды;

Алиме мен оның отбасына жаңа пәтер кілтін табыстады.

"Біз үшін ең маңыздысы – ақша емес, жақсылық жасау, адамның өмірін жеңілдетуге үлес қосу", – деді қайырымды жан.