“Жас қызды артық салмағы үшін жылатқан”: қазақстандықтар танымал бағдарламаны жабуды талап етті

1 шілде, 2025 / Ахмет Қанатұлы

2025 жылдың 30 маусым күні желіде үлкен дау тудырған оқиға орын алды. Отандық танымал “Бір болайық” бағдарламасының эфирінде қатысушы қыздың артық салмағына байланысты қорланғаны қоғамда үлкен резонанс туғызды. 

Бағдарламадағы буллинг

Бағдарламаға Малика есімді үміткер қатысып, болашақ жарын іздейтінін айтқан. Алайда студияда отырған бірнеше қатысушы қыздың сырт келбетін, салмағын сынға алып, көпшілік алдында келемеж қылған.

Қатысушылар тарапынан айтылған ауыр сөздер:

“Еркекке ұнау үшін артық салмақпен күресу керек”

“Айнаға қарап көрдің бе?!”

“Үміткердің талабын дұрыс түсінбепсің”

“Артық майың көзге ұрып тұр”

“Арықтасаң ғана әдемі көрінесің”

Мұндай сөздер желі қолданушылары мен құқық қорғаушылардың ашуын туғызды. Көпшілік бұл ашық түрде кемсіту, яғни буллинг екенін айтты.

Заңгерлер мен қоғам белсенділерінің үндеуі

Threads платформасында заңгер Гаухар Әукен бағдарламаны ҚР Қылмыстық кодексінің 131-бабы бойынша (БАҚ арқылы қорлау) жауапқа тарту керек екенін жазды.

“Бұл — БАҚ арқылы қорлау. Егер осыдан кейін қыз өз-өзіне қол жұмсаса, кім жауап береді? Бағдарламаны дереу жабу керек. Қоғамдық қолдау қажет!” – деп жазды заңгер.

Сонымен қатар, басқа да белсенділер мен блогерлер бұл жағдайға көз жұмып қарауға болмайтынын, медиа кеңістіктегі осындай қорлау, кемсітуге жол берілмеуі тиіс екенін атап өтті.

Желі қолданушылары не дейді?

Қоғамдық пікір толқыны бір сәтте көтерілді. Желі қолданушылары Маликаға қолдау білдіріп, бағдарлама редакциясына және телеарнаға өткір сын жаудырды:

“Бағдарламаның әр саны осындай қорлау мен келемежге толы”

“Әйелдің жауы – әйел” деген осы

“Бірде-бір жігіт қызды қорғап шықпағаны өкінішті”

“Қыздың көз жасымен рейтинг жинау — арсыздық”

“Бағдарлама жабылсын!”

“Редакция не қарап отыр?”

“Бұл — зорлық-зомбылықты насихаттау”