Бүгін Астанада басталған бокстан Әлем кубогінің алғашқы күнінде күтпеген жағдай орын алды. 70 келі салмақ дәрежесінде ел намысын қорғаған танымал боксшы Абылайхан Жүсіпов жарыстан тыс қалды. Бұл – турнирдің алғашқы және басты сенсациясы деуге болады.
Отандасымыз шаршы алаңда қырғызстандық Алмаз Орозбековпен кездесіп, алғашқы екі раундта есепте алда тұрған болатын. Алайда екінші раундта қабағынан жарақат алған Жүсіпов жекпе-жекті жалғастырғанымен, үшінші раундта дәрігерлердің шешімімен бәсеке тоқтатылды. Осыған сәйкес, төрешілердің шешімімен жеңіс қырғыз боксшысына берілді.
Абылайхан үшін бұл күтпеген әрі ауыр соққы болды, себебі ол турнирдің фавориттерінің бірі саналған еді.
Айта кетейік, биылғы Әлем кубогі қатысушылар саны жағынан рекорд орнатты. Астана қаласына 31 мемлекеттен 300-ден астам спортшы жиналған. Бұған дейін Бразилияда өткен турнирге 19 ел, Польшадағы жарысқа 24 елдің өкілдері қатысқан болатын. Сонымен қатар, биылғы додада 8 мемлекет алғаш рет бақ сынап отыр.