«Қалыңдық – өз досының немересі»: Рамзан Қадыровтың кәмелетке толмаған ұлы үйленді

30 маусым, 2025 / Ахмет Қанатұлы
SN.kz

Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровтың 17 жастағы ұлы Адам Қадыров үйленді. Үйлену тойы Қадыровтар әулетінің тарихи отаны – Ахмат-Юрт (бұрынғы Центорой) ауылында өтті, деп Sportinside.kz тілшісі Skifnews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Бірнеше дереккөздің хабарлауынша, Адам Қадыровтың жары – Мемлекеттік Дума депутаты әрі Қадыровтың сенімді серігі саналатын Адам Делимхановтың немересі Медни есімді бойжеткен. Қалыңдықтың есімін Адам Қадыровтың әпкесі, Шешенстан мәдениет министрі Айшат Қадырова жария етті. Белгілі болғандай, Медни де Ахмат-Юрт ауылынан шыққан.

28 маусымда өткен салтанатты шара барысында қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, республика аумағындағы бірнеше бағыттағы жолдар уақытша жабылған. Кортежді алып жүруге Шешенстанның әр аймағынан полицияның жол-патрульдік жасағы тартылған.

Адам Қадыровтың некеге тұрғанын оның әкесі Рамзан Қадыров Telegram парақшасында растады. Ол ұлына өмірлік жар табар сәтте Ресей президенті Владимир Путиннің өзі құттықтау жолдағанын мәлім етті.

Тойдан тараған суреттер әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Сарапшылар Адам Қадыровтың қолындағы бағалы сағатты – Jacob & Co. Billionaire ASHOKA маркасындағы, 320 бриллиантпен көмкерілген модель екенін анықтады. Бұл сағаттың құны шамамен 27,7 миллион долларды немесе 14,3 миллиард теңгені құрайды.

Тэгтер:

той ұлы Рамзан Қадыров