Бүгін Астанада World Boxing ұйымының аясында бокстан Әлем кубогының үшінші кезеңі басталды. Алайда жарыс қарсаңында көпшілікті толғандырған сұрақ – басты қарсыластарымыздың бірі Өзбекстан құрамасының қатыспауы – әлі күнге дейін толық жауап тапқан жоқ еді.
Журналист Аян Төлеген осы тұрғыда Өзбекстан ұлттық құрамасының бас бапкері Толқын Қылышевпен сұқбаттасып, аталмыш мәселенің мән-жайын сұраған, деп Sportinside.kz тілшісі Telegram желісіндегі Ayan Tolegen арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
«Біз өз жоспарамызбен дайындалып жатырмыз. Бапкерлік штабпен бірге соңғы алты айдағы статистиканы қарап, кімге қанша жекпе-жек жетіспейтінін сараладық. Кейбір боксшыларда тәжірибе аз болды, сол себепті оларды Эйндховендегі турнирге жібердік. Әрқайсысы кемі үш жекпе-жек өткізді. Бұл жарыс Ливерпульге дайындықтың бір бөлігі еді. Енді бізге толықтай оқшауланып, жеке дайындыққа кірісу қажет.
Егер Қазақстанға келгенімізде, бұл бүкіл дайындық тәртібін бұзар еді. Тіпті жарақат алу қаупі де бар. Әрине, біз жоспардан бас тартып, қатыса да алар едік, бірақ бұл өзімізге зиян болар еді.
Сен көшбасшылар туралы сұрадың – олармен бәрі түсінікті. Бірақ екінші және үшінші нөмірлі спортшылар ше? Иә, оларды да жіберуге болар еді. Бірақ бұл – әлем кубогы әрі ол Қазақстанда өтіп жатыр! Мен үшін құрамадағы әрбір боксшы – ел намысын қорғаушы. Егер мықтылар емес, резервтегі боксшылар келіп жеңіліп қалса, онда бәрі "өзбектер ұтылды" дейді. Мен мұндай жауапкершілікті қаламаймын.
Қазір біз жалпы физикалық дайындыққа ден қойдық. Бізге Украина, Тәжікстан, Жапониядан спортшылар келді. Спаррингтік кездесулер ұйымдастырып жатырмыз.
Әлеуметтік желідегі әңгімелерге келсек – бұл шешімнің саясатқа да, басқа да түсініксіз себептерге еш қатысы жоқ. Бапкерлер, федерациялар деңгейінде қарым-қатынасымыз өте жақсы. Біз бір-бірімізді бұрыннан танимыз, боксшыларымыз бірге өсіп, дамып келеді. Мысалы, мен қазақ боксшысы Абылайхан Жүсіповті жас кезінен білемін.
Өзбекстан мен Қазақстан Азия мен әлем чемпионаттарында әлі талай мәрте жолығады. Мен шынымен де екі елдің де боксшылары үлкен жетістіктерге жетіп, әлемдік бокс тарихына аттарын алтын әріппен жазып қалдырса екен деймін», – деді Толқын Қылышев.