«Бәрі аяқталды»: Лионель Месси ПСЖ-дан ойсырай жеңілген соң мәлімдеме жасады

Бүгін, 11:03 / Ахмет Қанатұлы
Megan Briggs/Getty Images. Суретте: Лионель Месси

Клубтар арасындағы әлем чемпионаты аясында өткен «Интер Майами» мен «Пари Сен-Жермен» арасындағы кездесуде америкалық клуб 0:4 есебімен жеңіліп қалды. Бұл матчтан кейін «Интер Майами» капитаны Лионель Месси өз пікірін білдірді, деп хабарлайды Sportinside.kz.

Аргентиналық шабуылшы қарсыластардың деңгейін мойындап, «Интер Майамидің» бұл ойынға дайын болғанын атап өтті.

«Бұл – керемет команда. Ақыр соңында олар – Чемпиондар лигасының қазіргі жеңімпазы, бұл – көп нәрсені білдіреді. Матч біз күткендей өтті. Біз бар күшімізді салдық деп ойлаймын және клубтық чемпионатта өзіміз туралы жақсы әсер қалдырдық.

Жақсы бәсекелестік көрсеттік, бірақ бәрі аяқталды. Енді келесі қадамдарға назар аударуымыз керек», – деді Месси.

Айта кетейік, кездесу Атланта қаласында өтті. Бұл – 1/8 финалдағы алғашқы плей-офф кезеңіндегі матч еді. Матчта ПСЖ 4:0 есебімен айқын басымдықпен жеңіске жетті.

Лионель Месси бұл ойында толық 90 минут ойнап, нәтижелі әрекет жасай алмады, сондай-ақ ескерту алған жоқ. Естеріңізге сала кетейік, аргентиналық жұлдыз ойыншы «Интер Майами» сапына дәл осы ПСЖ клубынан ауысқан болатын. Ол Парижде екі маусым өнер көрсеткен.

Келесі кезеңде ПСЖ «Фламенго» (Бразилия) мен «Бавария» (Германия) арасындағы кездесудің жеңімпазымен кездеседі. Ал «Интер Майами» турнирден шығып қалды.

Биылғы клубтар арасындағы әлем чемпионаты алғаш рет 32 команда арасында өтіп жатыр. Турнир 13 шілдеге дейін жалғасады.

Тэгтер:

футбол АҚШ Месси ПСЖ Интер Майами клуб