«Маған бәрібір, мен – жұлдызбын»: Әнші Әмре ассистентімен арада болған дауға ілікті

30 маусым, 2025 / Ахмет Қанатұлы

Amre лақап атымен танымал әнші Ернар Садырбай екі жыл бойы өзімен бірге жұмыс істеген ассистенті Гүлмира Мұхамеди тарапынан айыптауға ілікті. Бұл туралы Гүлмира өз әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

Ассистенттің айтуынша, Әмре тарапынан еңбек шарттарының бұзылуы, төлемдердің уақытылы жүргізілмеуі және жұмыс барысында дөрекі қарым-қатынас жиі қайталанған.

«Мен аяғым ауыр кезде жұмысқа келдім. Бастапқыда бәрі жақсы еді, алайда уақыт өте келе кейбір төлемдер жасалмай қалды, телефон тарифін өзім төледім. Гастроль кезінде де түсініспеушіліктер жиі болды. Бірде концерт директорына ашуланды, бірде қонақүй ұнамады. Осы жағдайлардың барлығына біз – көмекшілер кінәлі болып шығатынбыз», – деді ол.

Оның сөзінше, ол бір уақытта ассистент, заңгер, бухгалтер қызметтерін қатар атқарған. Ал келісімшарттарды заңгерге тексертуге Әмре келіспеген. Жаңа бухгалтерлермен жұмыс істеу мүмкін болмаған соң, ол төлемдерді өзі жүргізуге мәжбүр болған.

«Баламның жөргегі мен азығына ақша болмай, аванс сұрағанымда: “Өз кассаңды дұрыс жүргіз” деген жауап алдым. Соңғы екі жылда қаншама сөгіс естіп, шыдауға тырыстым. Бірақ бала аш жатқанда үнсіз қалу қиын. Ақырында жұмыстан кетуге шешім қабылдадым», – дейді Гүлмира Мұхамеди.

Ол сонымен қатар әншіден соңғы бірнеше іс-шарадан түскен сыйақысын, сондай-ақ қосымша атқарған қызметтері үшін өтемақы талап еткенін айтады. Алайда Әмренің тарапынан бұл өтініш түсіністікпен қабылданбаған.

«Мен бұл жазбаны эмоциямен емес, шынайы деректерге сүйене отырып жариялап отырмын. Еңбегіме әділ төлем ғана сұрап отырмын, басқа ештеңе қажет емес», – деп қорытындылады ол.

Қазіргі уақытта Әмренің өзі бұл мәселеге қатысты ресми мәлімдеме жасаған жоқ.