Әлем футболының жарық жұлдызы Криштиану Роналду Сауд Арабиясының "Әл-Наср" клубымен келісімшартын 2027 жылға дейін ұзартты. Бұл туралы Sportinside.kz хабарлайды.
40 жастағы португалиялық футболшы келісімшартын ұзарту арқылы тек мансабын жалғастырып қана қоймай, жалақысын да арттырған. The Sun басылымының мәліметінше, Роналду енді жылына 178 миллион фунт стерлинг (тәулігіне, шамамен, 350 миллион теңге) табыс табады. Сонымен қатар, ойыншыға 24,5 миллион фунт көлемінде бонус берілмек. Егер ол келісімшарт мерзімінен кейін де ойынын жалғастырса, бұл сома 38 миллион фунтқа дейін өсуі мүмкін.
Роналдудың өзі келісімшартты ұзартудың себебін осылай түсіндірді:
"Мен Сауд Арабиясындағы ең үздік командалармен бәсекеге түсіп, жеңіске жеткім келеді. Ақырында кімнің мықты екенін көреміз. Бұл тек футбол жайында емес. Мен әрқашан елдің дамуына үлес қосқым келеді. Жанкүйерлердің рөлі – ерекше. Олар мені шын сүйеді, мен де оларды жақсы көремін. Сол себепті оларға қуаныш сыйлағым келеді".
Еске сала кетейік, Криштиану Роналду Сауд Арабиясына 2022 жылы ауысып, “Әл-Наср” командасында жарқырап өнер көрсетіп келеді.