Бұрын-соңды болмаған: 24 жастағы қазақ теннисшісі алғаш рет Уимблдон турнирінде бақ сынайды

Бүгін, 10:08 / Ахмет Қанатұлы
Қазақстанның теннис федерациясы. Суретте: Бейбіт Жұқаев

Қазақстандық теннисші, әлемнің 251-ракеткасы Бейбіт Жұқаев Уимблдон турнирінің іріктеу кезеңін сәтті аяқтап, тұңғыш рет басты жарысқа жолдама алды, деп хабарлайды Sportinside.kz.

Ақтау теннис мектебінің түлегі іріктеу финалында әлемнің 239-ракеткасы, франциялық Лука Павловичті аса тартысты бәсекеде жеңді. Бірінші сетте қарсыласы 6:3 есебімен басымдық танытқанымен, Бейбіт екінші және үшінші сеттерде камбэк жасап, 6:3, 6:2, 7:6 (7:5) нәтижесімен жеңісті жұлып алды.

Матч шамамен екі жарым сағатқа созылды. Осы уақыт ішінде Бейбіт Жұқаев 15 эйс орындап, 7 брейк-пойнттың үшеуін сәтті жүзеге асырды. Ал Павлович 9 эйс пен 1 брейкпен шектелді.

Осылайша, 24 жастағы Бейбіт Жұқаев алғаш рет Уимблдонның негізгі турниріне қатысу құқығына ие болды. Бұл – оның мансабындағы ең үлкен жетістіктердің бірі.

Айта кетейік, іріктеу кезеңінде Қазақстан атынан қатысқан Михаил Кукушкин, Тимофей Скатов және Дмитрий Попко турнирден шығып қалды. Ал Жұқаев өткен жылы іріктеу финалында франциялық Алис Кантенге есе жіберіп, негізгі жарысқа өте алмаған болатын.

2025 жылғы Уимблдон додасы 30 маусымда басталады. Жекелей сында Қазақстан атынан Александр Бублик, Александр Шевченко, Бейбіт Жұқаев, Елена Рыбакина, Юлия Путинцева өнер көрсетеді.

Тэгтер:

Теннис Бейбіт Жұқаев Бейбіт Жұқаев Уимблдон