Бокстан Қазақстан құрамасының бас бапкері Қайрат Сәтжанов YouTube-арнасындағы «Sport+» бағдарламасына сұқбат беріп, 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиадаға қатысты жоспарларын айтты, деп хабарлайды Sportinside.kz.
«Бір медаль бола ма, екі ме, үш пе – оны бір Алла біледі. Бірақ бұл құраммен, ізінен еріп келе жатқан резервпен алтын медаль міндетті түрде болады деп ойлаймын. Қай турнирде болсақ та басты мақсат – жалпыкомандалық есепте бірінші орын алу. Америка – мықты ел, сонда барып, жалпы есепте топ жару, екі-үш алтын алуымыз мүмкін. Бірақ өзбектер сияқты бес алтын алу – меніңше, енді мүмкін емес. Енді бәрі басқаша болады, бәрі таза өтеді», – деді Сәтжанов.
Айта кетейік, 2024 жылы Парижде өткен Олимпиадада Қазақстанның ерлер құрамасынан жеті боксшы бақ сынаған болатын. Алайда олардың арасынан тек Нұрбек Оралбай ғана жүлдеге ие болды – ол 80 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде күміс медаль жеңіп алды.