Қазақстан әйелдер құрамасының капитаны, бокстан үш дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай кәсіби мансабында жаңа белеске қадам жасауға дайын екенін мәлімдеді. Ол кәсіпқой боксқа өту ниеті барын ашық айтты, деп Sportinside.kz тілшісі Penalty.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Назым Қызайбай кәсіпқой бокста бақ сынау туралы ойын бұрыннан ойлап жүргенін жеткізді. Оның айтуынша, соңғы уақытта көптеген әуесқой спортшылар кәсіпқой рингке бет бұрған.
«Бұл мен үшін жаңа тәжірибе болмақ. Егер жақсы ұсыныстар түссе, кәсіпқой бокста өзімді сынап көруге дайынмын», – деді Назым Қызайбай.
Назымның айтуынша, кәсіпқой боксқа өтуге қатысты ұсыныстар бұрын да болған. Алайда ол кезде негізгі назары 2025 жылғы әлем чемпионатына бағытталған.
«Үшінші мәрте әлем чемпионы атануды мақсат еттім. Сондықтан кәсіпқой боксқа ауысуға уақыт болған жоқ», – дейді ол.
Қызайбай кәсіби аренаға шығу үшін Қазақстан бокс федерациясы мен бапкерлер құрамының келісімі маңызды екенін атап өтті.
«Ұсыныстар болса, алдымен федерация басшылығымен, ұлттық құраманың және жеке бапкеріммен ақылдасамын. Қазір олар да менің бұл ниетімді қолдап отыр», – дейді спортшы.
Айта кетейік, Назым Қызайбай бокстағы ең ірі жетістіктерімен мақтана алады. Ол 2014 жылы Оңтүстік Кореяның Чеджу қаласында, 2016 жылы Астанада, 2025 жылы Сербияның Ниш қаласында өткен әлем чемпионаттарында алтын медаль иеленіп, үш дүркін әлем чемпионы атанды.