Орта салмақта WBO және IBF нұсқалары бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы Америка Құрама Штаттарында өтетін келесі жекпе-жегіне жолға шықты. Бұл туралы боксшы Instagram желісіндегі ресми парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Чемпион Шымкенттегі №14 емдеу орталығында медициналық тексеруден өткенін айтып, дәрігерлерге алғысын білдірді.
"Америкаға жолда – кезекті жекпе-жекке. Шымкент қаласындағы №14 емдеу орталығында кәсіби дәрігерлерден денсаулығымды тексертіп шықтым. Қызмет сапасы жоғары, заманауи медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Ақ халатты абзал жандарға көп рахмет!" – деп жазды ол желіде.
Айта кетейік, Жәнібек Әлімханұлы кәсіпқой рингте жеңілмеген жалғыз қазақ боксшыларының бірі. Оның рекорды – 17 жекпе-жек, 17 жеңіс, 12 нокаут. Соңғы рет ол 2025 жылғы сәуірде Астанада рингке шығып, француз Анауэль Нгамиссенгіні 5-раундта нокаутпен ұтты.