Дзюдо және қазақ күресі бойынша Қазақстан ұлттық құрамасында өнер көрсеткен белгілі спортшы Әбілқайыр Мәуленин допинг сынағынан өте алмай, уақытша жарыстардан шеттетілді, деп Sportinside.kz тілшісі 1bol.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Sportarena.kz порталының хабарлауынша, 2024 жылдың 17 желтоқсанында өткен Кәсіби лига әлемдік сериясы финалында Халықаралық тестілеу агенттігі (ITA) тарапынан алынған сынамадан экзогенді тестостерон табылған. Бұл – WADA тыйым салған заттардың тізімінде S1.1 тармағына кіретін анаболикалық андрогенді стероид.
Экзогенді тестостерон – бұлшықет массасын ұлғайтып, күш пен жылдамдықты арттыратын препарат. Ол жарыс кезінде де, одан тыс уақытта да қолдануға қатаң тыйым салынған.
Спортшыға бұл жағдай туралы ресми түрде хабар берілді. Ол В үлгісіндегі сынаманы қайта тексеруге және ресми түсініктеме беруге құқылы. Егер В сынамасы А нәтижесін растаса, антидопинг ережесінің бұзылғаны заңды түрде дәлелденеді. Ал егер В сынамасы сұралмаса, сол күйінде тәртіп бұзушылық ретінде есептеледі.
Халықаралық антидопинг кодексінің 7.4.1-бабына сәйкес, спортшы міндетті түрде уақытша шеттетіледі. Сонымен қатар ол шағым түсіруге құқылы.
ITA бұл істі толығымен өз бақылауына алған, себебі IKА антидопинг бағдарламасын осы ұйымға сеніп тапсырған. Қазіргі уақытта тергеу жалғасып жатқандықтан, қосымша мәлімет берілмейді.