Қазақстан футбол федерациясында (ҚФФ) кадрлық өзгерістер мен ішкі мәселелер тақырыбы қайтадан қызу талқыға түсті. Бұл жолы ҚФФ баспасөз хатшысы болған Ермұхамед Мәуленнің жұмыстан кетуі жайлы журналист әрі ҚФФ президентінің кеңесшісі Нұрсұлтан Құрман «Спорт пульс» подкастында пікір білдірді. Бұл туралы Sportinside.kz тілшісі Taulik.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Подкаст барысында Құрман Ермұхамед Мәуленнің бұрынғы ҚФФ президенті Әділет Бәрменқұловтың кеңесшісі болғанын, ал президент ауысқаннан кейін кадрлық өзгерістер заңдылық екенін жеткізді:
«Ермұхамед Мәулен – Әділет Назарбайұлы Бәрменқұловтың кеңесшісі болды. Кейін Әділет Назарбайұлы кеткесін, кадрлар да өзгеруі тиіс. Оның келісімшарты 1-2 айға ғана қалған болатын. Бірақ ары қарай не болғанын, кіммен не жағдай болғанын айтпай-ақ қояйын», – деді ол.
Құрманның сөзінше, Ермұхамедке әлдебір кісі тарапынан «сені көргісі келмейді» деген ишара айтылған. Бірақ бұл адамның нақты кім екені аталмады. Журналист тек «ол кісі қазір ҚФФ-да емес» деп шектелді.
«Мен Ермұхамедпен сөйлестім. Оған «қысқасы, сен бара бер» дегендей сөз айтылды. Бірақ кім айтқанын, неге айтқанын өзім де толық айтпай-ақ қояйын. Бәлкім, дұрыс та шығар», – деді ҚФФ кеңесшісі.