"Түк те керегі жоқ": Гүлзира Айдарбекова жұртты ойландырып тастады (видео)

"Түк те керегі жоқ": Гүлзира Айдарбекова жұртты ойландырып тастады (видео)

фото: Әлеуметтік желіден. Суретте: Жұлдыз Әбдікәрімова мен Гүлзира Айдарбекова

Белгілі продюсер Гүлзира Айдарбекова Instagram парақшасында жазғы демалысы жайлы бөлісе отырып, терең әлеуметтік және саяси ой қозғады.

"Алакөлге достарымызбен демалуға келдік. Жан-жақтан жиналған қонақтар мені танып, бірі әпке, бірі сіңлім деп жылы қабылдап жатыр. Танымасам да бауырларымдай көрініп, барынша жылы жүзбен жауап беруге тырысамын. Алланың маған берген мейіріміне шексіз ризамын!" – деп жазды продюсер.

Ол адамзаттың бір-біріне деген шынайы махаббаты мен мейірімділігі жайлы толғана отырып, соғыстың болмауына себепші болатын негізгі факторды атады:

"Егер бүкіл әлемдегі адамдар бір-бірін шын жүректен жақсы көріп, өшпенділік пен реніштің орнына кешірімді бола білсе, мүмкін соғыс деген болмас па еді? Қатыгездік жайлаған жерде тура шайтан билік жүргізіп жатқандай әсер қалдырады. Өмір тым қысқа. Бір-бірімізді өсектемей, ұрыспай, шуламай, неге бақытты ғұмыр кешпеске?"

Продюсер бүгінде соғыс болып жатқан елдердегі жағдайды мысал етіп, дүниеқоңыздық пен екіжүзділікке тоқталды:

"Қара ниетті адамдар ақша үшін бір-бірін сатып, алаяқтық жасап, басқаның жиғанын оңай олжа көріп жатыр. Бірақ, сол дүние-мүліктің бірде-бірін өзімен мәңгілік мекенге алып кете алмайтынын ұқса ғой... Соғыс болып жатқан елде банк те, ақша да керек емес – бәрі күл-талқан. Аштықтан жылаған сәбилер, бала-шағасынан айырылған аналар – бұл көріністер жүректі тіліп өтеді."

Ол адамзатқа ой салатын терең түйін жасады:

"Бүгінгі тыныштығымыз бен амандығымызға шүкір дейік. Елің мен жерің, отбасың мен жаның аман болса – ең үлкен бақыт сол. Ниетімізді түзеуіміз керек. Барымызды бағалап, бақытты сәттерді қадірлейік!" – деп түйіндеді Гүлзира Айдарбекова.