Таңғы кофеден басталатын күн – миллиондаған әйел үшін үйреншікті рәсім. Кейбірі үшін бұл жай әдет болса, кейбірі үшін – шабыт беретін қуат көзі. Ал жақында жарияланған ғылыми зерттеулер кофе тұтынудың бұл әдеті тек ләззат көзі емес, сонымен қатар ұзақ әрі салауатты өмірдің де кілті екенін көрсетті.
Гарвард университетінің 32 жылға созылған ірі зерттеуінің нәтижесіне сәйкес, күніне орташа есеппен үш кесе кофе ішкен әйелдердің 70 жастан кейін физикалық және когнитивтік тұрғыдан сау әрі белсенді қалу мүмкіндігі 13%-ға жоғары болған. Бұл таңғаларлық емес. Себебі кофе құрамындағы кофеин мен полифенолдар – миды, жүректі және ішек жүйесін қорғауға қабілетті табиғи заттар.
Кофе – ми үшін қуат көзі
Кофеиннің ми қызметіне әсері – ғылымда кеңінен зерттелген тақырып. Кофе ішкенде адамда сергектік сезімі пайда болып, зейіні артып, есте сақтау қабілеті жақсарады. Бұл – Neuroscience & Biobehavioural Reviews журналында келтірілген тұжырым. Ғалымдар кофе құрамындағы хлороген қышқылдарының да миға қан ағымын жақсартатынын, қабынуды азайтатынын және тіпті Альцгеймер ауруының алдын алуы мүмкін екенін айтады.
Ішек денсаулығы – жас көрінудің негізі
Кофенің пайдасы тек мимен шектелмейді. Оның құрамындағы полифенолдар ішек микробиомын – яғни ағзадағы пайдалы бактерияларды қолдайды. ZOE қосымшасының зерттеуінде кофе ең тиімді пребиотиктердің бірі деп танылды. Қалыпты ішек микрофлорасы ас қорытуға ғана емес, жалпы иммунитет пен көңіл күйге де оң әсер етеді.
Жүрек пен өмір сүру ұзақтығы
Күніне 2-3 кесе кофе ішу инсульт пен жүрек-қан тамыр ауруларының қаупін төмендететіні де дәлелденген. Лондон университеті мен Будапешттегі Земмельвейс университеті жүргізген зерттеу кофе тұтынатын адамдардың жалпы өлім қаупінің 16%-ға, ал жүрек ауруларынан болатын өлімнің 31%-ға төмен болатынын көрсетті.
Бірақ шектеуді ұмытпаңыз
Кофе – пайдасы мол сусын, бірақ бәрінде мөлшер болуы тиіс. Сарапшылар тәулігіне 400 мг-нан артық кофеин тұтыну кей адамдарда ұйқысыздық, мазасыздық, жүрек қағысының жиілеуі сияқты жанама әсерлер туындатуы мүмкін екенін ескертеді. Сондай-ақ кофе ішерде қосатын нәрселеріңізге де мән беріңіз. Қант, кілегей, сироп – бәрі артық калория мен зиянды май көзі. Бұл – кофенің пайдасын азайтады.