"Бүгінгі қонағым – өгей әкем": Баян Есентаеваның қызы өгей әкесінен ашық сұхбат алды

"Бүгінгі қонағым – өгей әкем": Баян Есентаеваның қызы өгей әкесінен ашық сұхбат алды

фото: Әлеуметтік желіден

Танымал блогер әрі актриса Айсәуле Бақытбек өзінің YouTube-тағы «Сырласу» жобасында өгей әкесі, кәсіпкер Тұрсын Алагөзовті студиясына қонақ ретінде шақырып, бизнес пен өмір жайлы ашық сұхбат өткізді.

«Бүгінгі қонағым – өгей әкем Тұрсын Алагөзов. Маған сұхбат беруге келіскеніңіз үшін көп рақмет», – деп бастаған Айсәуле, олардың арасындағы қарым-қатынас ашық әрі жылы екенін көрсетті. Ал Тұрсын Алагөзов сұхбаттың өз кеңсесінде өтіп жатқанын айтып, бұл жолы «бір-бірімізге қонақпыз» деп әзілмен жауап қатты.

Сұхбат барысында кәсіпкерге қатысты қоғамда кеңінен талқыланған жайттар да сөз болды. Айта кетейік, көктемде Тұрсын Алагөзов өзінің 100 қызметкеріне тегін пәтер сыйлап, бұл бастама қоғамда қызу пікірталас тудырған. Алайда оның бұрынғы әйелі Ляйсара Марат бұл әрекеттің астарында басқа мақсат болуы мүмкін екенін айтқан еді.