Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Қайрат Сәтжанов YouTube-тегі «Спорт Министрі» арнасына берген сұқбатында физикалық дайындық бойынша америкалық мамандар – Кристофер және Дарио Камачолардың елге қайта оралып, құрама сапында жұмыс істей бастағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Sportinside.kz.
«Олар қазір бізбен бірге келіп жұмыс істеп жатыр. Алдымен Кубокқа, одан кейін әлем чемпионатына дайындайды. Бізге көмек көрсетіп жатқан мамандар мен жаттықтырушылар көп. Бірақ солардың ішіндегі ең мықтылары – ағайынды Камачолар. Олар өте білікті мамандар, бізге үлкен қолдау көрсетіп жатыр», – деді Қайрат Сәтжанов.
Айта кетейік, Кристофер Камачо бұған дейін кәсіби бокста аты аңызға айналған Геннадий Головкиннің оқу-жаттығу жиындарына тұрақты қатысқан. Сонымен қатар ол UFC-дің танымал жұлдыздары – Хабиб Нурмагомедов, Даниэль Кормье, Кейн Веласкес және Люк Рокхолд сынды ММА спортшыларымен де жұмыс істеген.
2024 жылы Дарио мен Кристофер Камачодар Тайландтың Чиангмай қаласында өткен Азия чемпионатына қатысқа қазақ боксшыларын дайындады. Кейін олар АҚШ-қа кеткен болатын. Енді, міне, олар әлемдік деңгейдегі тәжірибесімен қайта оралып, отандық боксшылардың дайындығына үлес қосып жатыр.