Астаналық жас ана Гаухар жақындарынан жасырып жүрген құпиясын ERNUR.KZ порталы арқылы бөлісті. Жақында егіз баланы дүниеге әкелген ол үй тірлігі мен балаларға қарауды жалғыз өзі атқарудың қиындығын жасырмай айтты. Сол себепті жолдасымен келісіп, жұмыс күндері бірнеше сағатқа келетін көмекші жалдаған.
"Үйіміз жоқ емес, пәтер жалдаймыз. Бірақ жайлы болсын деп жаңа, жақсы жағдайда тұрып жатырмыз. Жолдасым жақсы табыс табады, пәтерақыны төлеп, шығындарымызды жауып, тіпті депозитке де ақша аудара аламыз. Балалардың жәрдемақысын көмекшіге береміз – бұл біздің келісіміміз", – дейді келіншек.
Гаухардың айтуынша, көмекші келгелі күнделікті өмірі жеңілдеген, балаларына да, өзіне де көбірек көңіл бөлуге мүмкіндік туған. Алайда ең үлкен қиындық – бұл шешімді өз анасы мен енесіне айту. Екі ананың да көзқарасы тым консервативті, олар әйел адамның бәріне үлгеруі керек деп есептейді. Гаухар әсіресе анасының "көмекші жалдау – еркелік" деген пікірін алдын ала біліп, осындай сыннан қорқатынын жасырмайды.
"Қазіргі жайлылықты таңдадық. Үйді кейінірек алармыз, бірақ жүйкеміз бен денсаулығымызды қазір күтуіміз керек. Бұл шешім екеуміз үшін дұрыс, бірақ оны жақындарыма түсіндіре алмай жүргенім жанымды қинайды", – дейді ол.
Гаухардың оқиғасы – қоғамдағы дәстүрлі және заманауи көзқарастар арасындағы қақтығыстың көрінісі. Әйелдің өзін күтуі, демалуы – әлсіздік емес, саналы шешім екенін түсіну – уақыт еншісіндегі мәселе.