Белгілі дінтанушы, теология ғылымдарының докторы Айнұр Әбдірәсілқызы Adal ADAM YouTube арнасына берген сұхбатында жақында қоғамда шу тудырған "жәннат билеттеріне" қатысты өз көзқарасын ашық білдірді. Оның айтуынша, бұндай әрекеттер ислам дініне де, ақылға да сыймайды.
«Жәннат жолдамасы» деген не?
Шымкент қаласында әзілкеш Ғалымжан Құрбанбектің қатысуымен өткен діни-мәдени іс-шара барысында көрермендерге "жәннатқа билет" таратылғаны немесе сатылғаны туралы ақпарат тарады. Бұл жайт жұртты екіге жарды: бірі мұны жай әзіл десе, екіншілері дінді мазақ еткен әрекет ретінде қабылдады.
Айнұр Әбдірәсілқызы не деді?
«Жәннатқа жолдама дейтіндей, қабір сұрауын жасайтын, қыл көпірден зу етіп өткізіп жіберетін періштелермен келісіп қойып па еді?! Адам бір сауапты іс жасағанымен арғы жағында оның тағдыры қандай екенін кім біледі?» – деді ол.
Ол сондай-ақ бұл әрекетті "ойсыздық" деп атады. Адамның жәннатқа кіріп-кірмейтініне тек Алла Тағала ғана үкім ететінін айтып, дүниеде жасаған бір қиянат о дүниеде барлық сауапты жоққа шығаратынын еске салды.
«Мәз болып 50 мыңға сатып алған билеті сират көпірінде жебеу болады деп тұрғанда, біреуге жасаған қиянаты болса ше? Алла: "Сауабынан қалағаныңды ал" десе, жәннат та, жолдама да жайына қалады ғой», – дейді дінтанушы.
«О дүниені де жеңіл-желпі етпеңдер»
Әбдірәсілқызы бүгінде жұрттың барлығын сатып алғысы келетін көзқарасын сынға алды. Бұ дүниеде жеңіл ақшаға, арзан атаққа үйренген қоғам енді о дүниені де саудаға айналдырып жатқанына алаңдайды.
«Өзіміздің билігіміз жоқ о дүниеге қандай хақымыз бар?! Құдайдан қалай қорықпаймыз?» – деді ол қынжылып.