"Сүйінші! Жалақыны арттыру": мұғалімдерді қорғаған Аймағамбетов қуанышты хабарды айтты

"Сүйінші! Жалақыны арттыру": мұғалімдерді қорғаған Аймағамбетов қуанышты хабарды айтты

фото: NUR.KZ / Владимир Третьяков. Суретте: Асхат Аймағамбетов

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов ұстаздардың құқықтарын қорғауға бағытталған маңызды бастамасы туралы мәлімдеді. Ол «Педагог мәртебесі туралы» Заңды жүзеге асыру аясында жаңа нормалар енгізіліп жатқанын хабарлады.

«Педагог мәртебесі туралы Заңды әзірлеген кезде басты мақсат тек жалақыны арттыру емес еді. Мұғалім өзінің тікелей міндетімен айналысуы тиіс. Ал бөтен тапсырмаларды орындамауы керек деген арнайы нормалар енгіздік», – деді депутат.

Аймағамбетовтің айтуынша, мұғалімдерді бұрынғыдай үй аралау, мәжбүрлі жазылу, сенбілікке шығу, жағажайда кезекшілік ету, гирлянда ілу, шырша орнату сынды оқу процесіне қатысы жоқ жұмыстарға жегу заңмен тыйым салынған.

Асхат Аймағамбетов бұл заңның орындалуын қатаң қадағалағанын айтып өтті. Оның айтуынша, заң бұзған жүздеген мектеп директорлары, білім бөлімдерінің қызметкерлері және әкімдік өкілдері жауапқа тартылған. Тіпті облыс әкімінің орынбасары да әкімшілік жауапкершілікке тартылған жағдай тіркелген.

«Мұғалім – білім беретін адам. Ол қосымша жұмыстардың бәрінен бос болуы тиіс», – дейді депутат.

Қазір депутаттың айтуынша, мұғалімдердің құқықтарын бұзғаны үшін жауапкершілікті күшейтетін және олардың құқығын одан әрі қорғауға бағытталған арнайы нормалар дайындалып, талқылану үстінде.

Аймағамбетов уәкілетті органдар, мұғалімдердің өздері, сондай-ақ кәсіподақ ұйымдары белсенділік танытуы керек екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та нақты тапсырма берген: мұғалім тек сабақ беруі керек», – деді ол.