Әнші Меруерт Түсіпбаева Instagram парақшасында бүгінгі эстрададағы кең етек алған мобилограф тасып жүру үрдісін қатаң сынға алды. Әнші өзінің кейбір әріптестерін «бұзауын ерткен сиырдай» деп бейнелеп, қасында бір елі қалмайтын видео түсіретін мамандарға қатысты көзқарасын ашық білдірді, деп Sportinside.kz тілшісі Skifnews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Меруерт Түсіпбаеваның айтуынша, кейбір әріптестері қайда барса да, мобилографын қоса ертіп жүреді. Бұл үрдіс әсіресе тойларда жиі байқалады. Әнші той иесі арнайы шақырған қонақтар мен әншілерге дастархан жайылғанын, ал сол әншінің ізімен ерген мобилографтарға орын да, шақыру да арналмағанын баса айтты.
«Ана жолы бір танымал адамның тойында ұйымдастырушылар тойхана есігінде тұрып, мобилографтарды кіргізбей, «сіздерге арналған орын жоқ» деп айтып жатқанын естідім. Сол дұрыс!», – дейді әнші.
Меруерт ханым контент үшін ар-намысын шетке ысырып, әр қадамын видеоға түсіріп, желіге жүктейтін әріптестерінің әрекетін мүлде құптамайды.
«Бүгінгі заман – бәрін «на показ» ету заманына айналды. Бірақ әр нәрсенің өз шегі болуы керек. Той – көңіл көтеретін орта. Онда кім көрінген жүруі, суретке түсіп, видеоға түсіруі ыңғайсыз», – дейді ол.