"Қалыңмал да, жасау да артық": ескіден қалған салт па, әлде жастарға ауыр жүк пе?

23 маусым, 2025 / Ахмет Қанатұлы

TikTok желісінде қызу талқыға түскен осы сауал қоғамды екіге жарды. Democrat.kz жазуынша, тұрмысқа шыққан қыздың артынан көрпе-төсек, ыдыс-аяқ, жиһаз сынды жүк апару дәстүрі керек пе, жоқ па деген мәселе көпшіліктің пікірін екіұдай күйге түсірді.

Бейнежазба авторы өз көзқарасын былай білдірген:

"Қызым тұрмысқа шықса, артынан ыдыс-аяқтан бастап, үйдің бүкіл жихазын апармаймын. Оған бола қызыма үйленбеймін дейтін жігіт болса, жолы ашық. Қызды дүниеге әкеліп, бағып-қағып, оқытып, білім беріп отырмын. Енді барлық мүлкін де мен әкеліп беруім керек пе? Қызымды екінші үйі қабылдап, қамқор болғысы келсе, ең болмаса өздері бір көрпе-жастық алып берсін".

Бұл көзқарасқа түрлі пікірлер жазылды. Бірі қазақ дәстүрін алға тартып:

"Жасауды беру – ананың қызына жасаған аманаты, бұл – ұлттық дәстүр. Қыз өз жасауын өзі әкеледі, бұл ешкімге емес, қызыңа керек дүние", – десе,

енді бірі бұған үзілді-кесілді қарсы:

"Жасауға кететін шығынның орнына жастарға баспана алуға көмектескен жөн. Көбі сол заттарды дұрыс қолданбайды, көшіп-қонып тоздырып алады. Қалыңмал да, жасау да – артық. Мән-мағынасы жойылған салттардан арылатын кез келді", – дейді.

Тағы бір пікірде:

"Қыз бала тұрмысқа шыққанда ешнәрсесіз барса, жаңа ортада өз орнын табуы қиын болады. Жасауы – оның жаңа өмірге дайындығы. Бұл анасының махаббатының белгісі", – дегендер де бар.