"Мөлдірді Мөлдір еткен – Тұрсынбек”: әзілкештің жары жан сырын ақтарды

23 маусым, 2025 / Ахмет Қанатұлы
Фото ашық дереккөзден

Танымал әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың жұбайы Мөлдір Мұқанова "Қыздар-ай" бағдарламасында күйеуімен қарым-қатынасы және оған қалай рухани демеу болатыны туралы ашық айтты.

“Сені Алла жақсы көреді, халық сені сүйеді”

Мөлдірдің айтуынша, ол Тұрсынбекке әрдайым шабыт беріп, қолдау көрсетіп жүреді. Ол сахнаға шығар алдында немесе жаңа жоба бастар алдында жұбайының ең сенімді тірегіне айналады:

"Сені Алла Тағала жақсы көреді, халық сені сүйеді, 3 мың адамға қуаныш сыйлайсың. Сенің екі көзің қаншама жанды қуантады", – деп дем береді екен.

Осы сөздер Тұрсынбектің Меккеде жүрген кезінде есіне түсіп, таңданысын жасыра алмай, Мөлдірге хабарласқанын актриса айтып берді.

“Махаббатпен қосылдым”

Мөлдір Тұрсынбекпен ол әлі танымал болмай тұрған кезде қосылғанын, оған шын махаббатпен тұрмысқа шыққанын да жасырмады:

"Мен Қабатов деген фамилия дүркіремей тұрған кезде қосылдым. Жұлдызға емес, қазақтың қарапайым жігітіне тұрмысқа шықтым", – дейді ол.

“Оны жұлдыз еткен – Алла, мен себепшімін”

Мөлдір Мұқанова жұбайының бүгінде халық сүйіктісіне айналғаны – ең алдымен Алланың қалауы екенін айтады. Десе де, жан жары ретінде оның шабыт алуына, сеніммен алға басуына өзіндік үлес қосқанын мақтанышпен жеткізді:

“Жұлдыз болуына себепші болдым десем артық айтпаспын. Бірақ бәрі Алланың қолында”.