фото: instagram.com/aigul_imanbayeva. Суретте: Айгүл Иманбаева
Танымал актриса әрі әнші Айгүл Иманбаева келінімен арадағы қарым-қатынасы туралы "Хабар" арнасына берген сұхбатында ашық әңгімелеп берді, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Өнер иесі өзін «рахат енемін» деп сипаттап, келініне ешқашан ақыл айтып, ми шұқитын ене болғысы келмейтінін айтты.
«Көзімнің ағы мен қарасы – Асылжанымның жары, таңдауы. Семейдің қызы. Абайтанушы, өте мәдениетті, әдебиеттің адамы Алмахан Мұхаметқалиқызының қызы. Қазақ тегін айтпайды ғой: «Анасына қарап, қызын ал» деп», – деді Айгүл Иманбаева.
Айгүл Иманбаева келіні табалдырық аттаған күннен бастап бір-ақ өтініш білдіргенін айтады. Ол – өзін дамыту мен білім алуды тоқтатпау.
«Аяқ астынан ғұлама болып, ақылды болып, тәрбиелеп ақыл айтпаймын. Тәрбие 13 жасқа дейін ғана жұғады. Одан кейін адамды тәрбиелеу мүмкін емес. Мен саған бір-ақ нәрсе айтамын: дамуыңды, білім алуыңды тоқтатпа. Қарт анам бар. Сол кісінің батасын ала берші. Басқа тілек жоқ», – дейді актриса.
Айгүл Иманбаева қазақ қоғамындағы ене мен келін арасындағы қатынас туралы да өз көзқарасын білдіріп, ененің үнемі үстемдік көрсетіп, ақыл айтуы дұрыс емес екенін атап өтті.
«Жеке шекарасына кірмеймін, ақыл айтып, миыңды шұқып, түртпектеу атымен жоқ. Айтқанымды істеп жатыр. Мен сондай енемін», – деді ол.