Кім бірінші жарының көзіне шөп салады: ер мен әйелдің 6 басты айырмашылығы

20 маусым, 2025 / Ахмет Қанатұлы
pixabay.com

Көзге шөп салу – отбасылық қарым-қатынастағы ең ауыр әрі өзекті мәселелердің бірі. Біз психолог мамандардың көмегімен ер мен әйелдің опасыздыққа бару себептерін, психологиялық ерекшеліктерін және айырмашылықтарын анықтап көрдік.

Серігіне көңілі толмау – басты себеп

Зерттеулерге сәйкес, ерлердің 20%-ы, ал әйелдердің 13%-ы жарына опасыздық жасайды екен. Ер адамдардың мұндай әрекетке баруы жыныстық қажеттілікпен, ал әйелдердің – эмоциялық тапшылықпен байланыстырылады. Ер адам өзін қанағаттандырмайтын нәрсені өзге әйелден іздегенімен, отбасынан бас тартпайды. Керісінше, әйел адам ерін алдаса, ол қарым-қатынасты толығымен үзіп, жаңа өмірге қадам басуы әбден мүмкін. Сондықтан психологтар әйелдің сатқындығын неғұрлым қауіпті деп санайды.

Екі жақта ұзақ уақыт өмір сүру – кімге қиын?

Ер адам бір мезгілде екі әйелмен өмір сүре алады, тіпті өзін жайлы сезінеді. Қаржылық жағдайы тұрақты болса, бұл оған қиындық туғызбайды. Ал әйел үшін екіжақты байланыс – ауыр күйзеліс. Ол эмоция іздейді, түсіністікке мұқтаж. Сондықтан әйел адам ұзақ уақыт екі еркекпен қатар бола алмайды.

Еркек – іш пысқаннан, әйел – жалғыздықтан

Уақыт өте келе сезім суый бастайды. Ер адам үйдегі салқындықты елемей, сырттан ләззат іздейді. Психотерапевт Эстер Перельдің айтуынша, ер адамдар жыныстық жаңалықты қаласа, әйелдер – эмоционалдық жақындықты аңсайды. Әйел өзінің жалғыз екенін сезінгенде басқа адамға назар аударады.

Опасыздық қалай басталады?

Ер адамдар сатқындықты көбінесе жыныстық қатынаспен бастайды. Бұл әрекет ішімдіктің әсерінен, эмоция үшін немесе жай ғана жыныстық қажеттіліктен туындауы мүмкін. Ер адам мұндай әрекетті опасыздық деп есептемейді, оны тез ұмытады.

Ал әйел болса, тіпті басқа ер адамға қызыға қарап қойса да, өзін кінәлі сезінеді. Оның опасыздығы – терең эмоция мен ұзақ ішкі күрестің нәтижесі.

Еркек жыныстық ләззат іздейді, әйел – махаббат

Ер адамдардың ағзасында тестостерон деңгейі жоғары. Олар жыныстық қатынасты өз құндылығын дәлелдеу құралы деп қабылдайды. Ал әйелдер үшін маңыздысы – махаббат пен қамқорлық. Әйел жыныстық қатынасты тек сезіммен байланыстырады, сондықтан махаббатсыз жақындық оған құндылық бермейді.

Кінәлілік сезімі – әйелде басым

Көңілдесі бар ер адам өзін кінәлі сезіне бермейді, тіпті оны отбасына зиян келтірмейді деп ойлайды. Ал әйел мұндай әрекетке барса, үнемі өзін жегідей жеп, іштей күйзеледі. Себебі ол – тұрақтылықты қалайтын жаратылыс. Жаңа қарым-қатынас орнатқан әйел оны сақтап қалуға тырысады, ал бұл – үлкен жауапкершілік.

Қорытынды

Психологтар ер мен әйелдің опасыздыққа бару себебі мен нәтижесі екі түрлі екенін айтады. Ер адам үшін бұл – өз-өзін дәлелдеудің бір жолы, ал әйел үшін – бақытсыздықтан туған шарасыз қадам. Алайда кез келген сатқындық екі тарапқа да зиян. Сондықтан қарым-қатынастағы мәселені ашық айтып, бір-біріне түсіністікпен қараған жөн. Ең бастысы – өз серігің үшін күресе білу, махаббат пен сенімді жоғалтпау.