"Дариға Бадықованың күйеу баласы": әнші әрі актер Олжас Абай көпшілікті таңғалдырды

19 маусым, 2025 / Ахмет Қанатұлы
Фото ашық дереккөзден

Қазақ киносына күзде көрерменге ой салатын жаңа туынды қосылмақ. Актриса әрі продюсер Дариға Бадықова отандық кинематографияға кезекті драмалық туындысын ұсынбақ. Бұл жолғы фильм бауырлар арасындағы алауыздық пен жауапкершілікті жалғыз арқалаған әйелдің тағдырын арқау етеді. Туындыны ерекше ететіні – оның өмірден алынғаны және әрбір қазақ отбасыға қатысты мәселені дөп басуы.

Кино кім туралы?

Фильмнің бас кейіпкері – Ғалия есімді мықты мінезді әйел. Ол отбасындағы бар ауыртпалықты өз мойнына алып, әке орнына – әке, ана орнына – ана болуға мәжбүр. Шетелге табыс табуға кеткен Ғалия өз ауылында бауырларына үй салып береді. Бірақ бұл үй бейбітшіліктің емес, керісінше, кикілжің мен қызғаныштың ошағына айналады. Туыстар арасындағы көреалмаушылық, реніш пен іштарлық – көрерменнің жүрегін сыздатар негізгі желі.

«Кімнің табысы – соған міндет» деген көзқарас

Дариға Бадықова бұл фильм арқылы қоғамда қалыптасқан «табысы бар адам бәрін көтеруі керек» деген түсінікті сынға алады.

«Бір бауыр мықтырақ, табыскер болса, соған бәрі міне салады. Ол қиналып табады, ал туыстары соны түсінгісі де келмейді. Бұл – қасірет. Біз осыны ашық айтуымыз керек», – дейді актриса.

Олжас Абай – күйеу бала рөлінде

Бұрын Дариғамен жиі жұптасып түсетін актер Олжас Абай бұл жолы оның күйеу баласы рөлін сомдайды. Актер өзінің кейіпкерін ерекше ашу үшін образына мұқият дайындалған. Шаш үлгісі мен стиліне дейін өзі ұсынған. Оның жарының рөлінде Индира Сабирова ойнайды.

«Әр образымды ерекше етіп көрсеткім келеді. Жексенге ұқсатпаймын», – дейді Олжас.

Қызығы көп, саундтрегі хит

Фильмге түсетін саундтрекке де үлкен мән беріліп отыр. Продюсер бұл жолы күтпеген әріптеспен дуэт жазғанын айтты. Олжас та ән шырқайды.

«Саундтрекке басымдық бердік. Күтпеген кісімен ән айтамын. Бұл көрермен үшін тосын сый болады», – деді Дариға.

Фильм қанша тұрады?

Бюджет мәселесіне келгенде, Бадықова бизнесті шағын бастау қағидасын ұстанатынын айтты.

«150 млн-нан асып кетпеу керек. Мен 120 млн-мен түсірдім. Саундтрек пен жарнаманы есепке алсақ, сәл көбірек шығады. Бірақ бастысы – сапа», – деді ол.