Бүгін Астанадағы Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешенін аралаған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жас футболшылармен емен-жарқын тілдесіп, өзінің немересі жайлы тың мәлімет айтып қойды, деп Sportinside.kz тілшісі Azattyq Rýhy сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Кездесу барысында жасөспірім спортшылар президентке өз армандары мен жетістіктері туралы баяндап берді. Солардың бірі – Сейсенбек Дінмұхаммед есімді 11 жастағы бала сөз алып:
«Мен командамның капитанымын. Қазір Қазақстан чемпионатына дайындалып жатырмыз. Футбол бізді еңбекқорлық пен достыққа үйретеді. Болашақта Қазақстан құрамасына кіріп, Әлем чемпионатын ұтқымыз келеді», – деді сенімді үнмен.
Мемлекет басшысы баланың мақсатына риза болып, армандардың орындалуына сенетінін жеткізді. Бұдан кейін Иманғали есімді тағы бір жас спортшы сүйікті футболшысы – Нұрәлі Әліп екенін айтып, ел мақтаны болуға ұмтылатынын жеткізді.
Сол сәтте президент Тоқаев:
«Менің немерем де футбол ойнайды. Голкипер», – деп, алғаш рет немересінің футболмен шұғылданатынын көпшілікке айтты.