Қазақстандық дзюдошылар әлем чемпионатының алғашқы күнінде медальсыз қалды

Бүгін, 22:01 / Ахмет Қанатұлы
ҚР ҰОК

Өзбекстан астанасы Ташкентте дзюдодан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты басталды. Жарыстың алғашқы күнінде татамиге шыққан жеті қазақстандық спортшының ешқайсысы жүлдеге қол жеткізе алмады, деп хабарлайды Sportinside.kz.

Әлем біріншілігінің алғашқы жарыс күнінде Қазақстан құрамасының жеті өкілі бақ сынады. Алайда барлығы медаль үшін шешуші белдесулерге дейін жарыс жолынан шығып қалды.

Ерлер арасында ең жоғары нәтижені Әлішер Тұрсынәлі көрсетті. 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен отандасымыз 1/8 финалға дейін жетті. Бірақ осы кезеңде америкалық Джонатан Янгтан жеңіліп, жарысты аяқтады.

Ал 66 келіге дейінгі салмақта Қазақстан намысын екі дзюдошы қорғады. Ролан Қайырғали Испания атынан сынға түскен Батырхан Асаналиевке есе жіберсе, Ерасыл Ержанов израильдік Том Симхаевтан жеңілді.

Әйелдер арасындағы бәсекеде де қазақстандық спортшыларға сәттілік серік болмады.

48 келіге дейінгі салмақта Айнар Сейітжанова өзбекстандық Лазиза Хайдаровадан жеңілді. Осы салмақта өнер көрсеткен тағы бір қазақстандық Айзат Наукенова үндістандық Ангел Ядавқа жол берді.

52 келіге дейінгі салмақта Нұрбала Зайнул испаниялық Марта Беорлеги Осестен ұтылса, 57 келіде белдескен Зарина Мұрадасыл жапониялық Канна Маэдаға есе жіберді.

Тэгтер:

дзюдо