Таиландта өтіп жатқан күрес түрлерінен халықаралық турнирде Қазақстан құрамасының спортшылары табысты өнер көрсетті. Грек-рим күресінен сынға түскен екі балуанымыз қарсыластарынан басым түсіп, алтын медаль иеленді, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Халықаралық жарыс Таиландтың Сирача қаласында ұйымдастырылған. Турнирге қатысушылар күрестің бірнеше түрінен өзара мықтыны анықтап жатыр. Алғашқы болып бозкілемге грек-рим күресінің шеберлері шықты. Қазақстандық спортшылар жарыстың бастапқы кезеңінде-ақ жоғары нәтиже көрсетіп, ұлттық құраманың қоржынына екі алтын медаль салды.
Қазақстан Ұлттық олимпиадалық комитетінің мәліметінше, 82 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Еркебұлан Анапия қарсыластарынан басым түсіп, турнир жеңімпазы атанды. Ал 72 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Данияр Қанағатбек те сәтті белдесулер өткізіп, алтын медальға қол жеткізді.
Таиландтағы жарыс әлі аяқталған жоқ. Ұйымдастырушылардың жоспарына сәйкес, халықаралық турнир 22 қарашаға дейін өтеді.