Сабыржан Аққалықов Азия ойындарының алғашқы сынында жеңіліс тапты

Бүгін, 15:12 / Ахмет Қанатұлы
Сабыржан Аққалықов. Фото: Нұрғали Жұмағазы

Қазақстандық боксшы Сабыржан Аққалықов Жапонияда өтіп жатқан ХХ жазғы Азия ойындарындағы жарыс жолын алғашқы кездесуден кейін аяқтады, деп хабарлайды Sportinside.kz.

80 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен қазақстандық боксшы алдын ала кезеңде Оңтүстік Корея өкілі Ким Мин Сёнмен кездесті.

Үш раундқа созылған жекпе-жекте Аққалықов алғашқы раундты сәтті өткізіп, бес төрешінің барлығы басымдықты қазақстандық спортшыға берген.

Алайда кейінгі раундтарда оңтүстіккореялық боксшы кездесудің барысын өзгерте алды. Нәтижесінде төрешілердің бөлек шешімімен Ким Мин Сён 3:2 есебімен жеңіске жетті.

Осылайша, Ким Мин Сён ширек финалға жолдама алса, Сабыржан Аққалықов Азиада-2026-дағы өнерін аяқтады.

Қазақстан құрамасынан жарысты тағы он боксшы жалғастырады. Олардың бесеуі ерлер, бесеуі әйелдер құрамасында сынға түседі.

Айта кетейік, Сабыржан Аққалықов – Азияның қазіргі чемпионы және 2025 жылғы әлем чемпионатының 75 келіге дейінгі салмақтағы күміс жүлдегері. Ол биыл сәуірде 80 келіге дейінгі жаңа салмақ дәрежесіне ауысқан. Азиада оның осы дивизиондағы алғашқы ірі жарысы болды.

Тэгтер:

Бокс Сабыржан Аққалықов Азия ойындары