Жоламан Биғабыл Азия ойындарында Қазақстанға үшінші алтынды әкелді

Бүгін, 13:27 / Ахмет Қанатұлы
Жоламан Биғабыл. Фото: Қазақстан каратэ федерациясы

Қазақстандық каратэші Жоламан Биғабыл Жапонияда өтіп жатқан XX жазғы Азия ойындарының чемпионы атанды. Оның жеңісінен кейін Қазақстан құрамасының қоржынындағы алтын медаль саны үшке жетті, деп хабарлайды Sportinside.kz.

Жоламан Биғабыл каратэнің кумитэ бағдарламасы бойынша 55 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түсті.

Финалда қазақстандық спортшы Өзбекстан өкілі Х. Халимовпен кездесті. Шешуші жекпе-жекте Биғабыл қарсыласын 9:1 есебімен айқын жеңіп, Азия ойындарының алтын медалін иеленді.

Осылайша Жоламан Биғабыл Айти-Нагоя қалаларында өтіп жатқан құрлықтық додада Қазақстан құрамасына кезекті чемпиондық атақты сыйлады.

Қазіргі таңда WKF каратэ Қазақстанның 20 өңірінде дамып келеді. Бұл спорт түрімен ел бойынша 77 мыңнан астам адам тұрақты айналысады. Олардың шамамен 25 мыңы – әйелдер.

Спортшыларды даярлауға 600-ге жуық жаттықтырушы тартылған. Соның ішінде 140 маман ауылдық жерлерде еңбек етеді.

Қазақстанда жыл сайын Kazakhstan Open халықаралық турнирі ұйымдастырылады. Аталған жарыс жасөспірімдер мен U21 санатындағы спортшыларды Азия және әлем чемпионаттарына іріктеуге мүмкіндік беретін ішкі рейтингтік додалардың бірі саналады.

Жоламан Биғабылдың жеңісі Қазақстан құрамасының 2026 жылғы Азия ойындарындағы үшінші алтын медалі болды.

Тэгтер:

Азия ойындары Жоламан Биғабыл