Қазақстандық велошабандоз Алексей Луценко Жапонияда өтіп жатқан XX жазғы Азия ойындарында топ жарып, Қазақстан құрамасының қоржынына екінші алтын медальді салды, деп хабарлайды Sportinside.kz.
34 жастағы спортшы тасжол велоспортынан жекелей жарыста үздік нәтиже көрсетті. Луценко 32,1 шақырымдық қашықтықты 41 минут 24,05 секундта жүріп өтті.
Күміс жүлде жапониялық Шунсукэ Имамураға бұйырды. Ол қазақстандық спортшыдан 1 минут 33,99 секундқа қалып қойды. Ал Моңғолия өкілі Жамбалжамц Сайнбаяр 1 минут 34,01 секунд айырмашылықпен үшінші орын алды.
Осы жеңістің арқасында Алексей Луценко Азия ойындарының бес дүркін чемпионы атанды. Бұған дейін ол 2014 жылы Инчхонда, 2018 жылы Джакартада екі рет және 2022 жылы Ханчжоуда алтын медаль жеңіп алған.
Сонымен қатар Луценко Азия ойындарындағы алтын жүлде саны бойынша қазақстандық спортшы Константин Негодяевтың көрсеткішін қайталады. Байдарка және каноэ есуден сынға түскен Негодяевтың да еншісінде бес алтын медаль бар.
Осылайша, Қазақстан құрамасының 2026 жылғы Азия ойындарындағы алтын медаль саны екіге жетті.