Беларусь теннисшісі Арина Соболенко US Open финалынан кейінгі әрекеті үшін 7,5 мың доллар көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелді, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Sports.ru мәліметінше, Соболенко финал аяқталғаннан кейін ракеткасын лақтырып, кейін оны сындырып жіберген. Осы әрекеті үшін оған 7,5 мың доллар, яғни 3,3 миллион теңгеден астам айыппұл салынған.
Турнирде ракеткаға қатысты тәртіп бұзған басқа теннисшілер де жазаланды. Франсиско Серундоло, Артур Фис және Корентен Муте әрқайсысы 5 мың доллардан айыппұл алған.
Сонымен қатар Мутеге бірінші айналымда экипировкаға қатысты талаптарды бұзғаны үшін тағы 10 мың доллар айыппұл салынды.
Полина Яценко Соболенкоға қарсы екінші айналымдағы матчта коучинг ережесін бұзғаны үшін 5 мың доллар төлеуге міндеттелді.
Жайме Фариа, Артур Фери және Лучано Дардери әдепсіз сөздер қолданғаны үшін жазаланды. Фариа 7,5 мың доллар, ал Фери мен Дардери 5 мың доллардан айыппұл төлейді.
Теренс Атманға балағат сөз айтқаны үшін 7,5 мың доллар айыппұл салынды.
Белинда Бенчич бірінші айналымдағы спортқа жат әрекеті үшін 5 мың доллар, ал Тиаго Зайбот Вилдж екінші айналымдағы тәртіп бұзушылығы үшін 2,5 мың доллар төлеуге міндеттелді.
Ал іріктеу кезеңінің алғашқы айналымында матчты 0:5 есебінде тоқтатқан Луйсина Джованниниге "бірінші айналымда жеткіліксіз ойын деңгейін көрсеткені" үшін 20 мың доллар көлемінде айыппұл салынған.