Грек-рим және еркін күрестен сурдо спортшылар арасында Қазақстан чемпионы болған 28 жастағы Әділ Тілектес Шымкенттегі кәсіпорындардың бірінде қаза тапты, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Cпортшының өлімі туралы ақпарат алдымен әлеуметтік желілерде тараған. Кейін Шымкент қалалық полиция департаменті қайғылы жағдайдың кәсіпорын аумағында болғанын растады.
"Қала аумағындағы кәсіпорындардың бірінде жұмысшының қаза болуы дерегі бойынша полиция соталды тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша, ер адам жұмыс істеу кезінде тоқ соғып қаза тапқан. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр", – деп хабарлады полиция.
Сурдлимпиада комитетінің мәліметінше, Әділ Тілектес 2021 жылдан бастап есту қабілеті бұзылған спортшылар арасындағы грек-рим және еркін күрестен Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі болған.
Ол 2021 жылы сурдо еркін күрестен Қазақстан чемпионы атанып, сол жылы әлем чемпионатында 4-орын иеленген.
2022 жылы Қазақстан Республикасының III Сурдлимпиадалық спартакиадасында еркін күрестен күміс жүлдеге ие болған. Ал 2026 жылы сурдо еркін және грек-рим күресінен IV республикалық Спартакиадаға қатысқан.
Комитеттің мәліметінше, спортшы соңғы екі жылда ұлттық құрама сапына өте алмаған.
Әлеуметтік желілерде оның достары мен жақындары қазаға байланысты көңіл айтып, спортшыны еске алған.
28 жастағы Әділ Тілектестің артында екі баласы қалды.
Серік Сәпиевті Бейжің Олимпиадасында жеңген боксшы түрмеге қамалды