2024 жылғы Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов Астанада өтетін Qazaqstan Barysy Grand Slam турниріне қатысады. Бұл туралы Қазақстан дзюдо федерациясының баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Ресми ақпаратқа сәйкес, аталған жарыс жанкүйерлер үшін ерекше болмақ. Себебі, атақты спортшы ұзақ үзілістен кейін татамиге қайта оралады. Бұл – оның Олимпиададан кейінгі алғашқы үлкен додадағы өнер көрсетуі.
Сондай-ақ көрермендер Елдос Сметовті алғаш рет дзюдодағы ең жоғары марапат белгісі саналатын алтын нашивкасы бар кимонода көре алады.
Айта кетейік, Елдос Сметов – бірегей жетістіктерге ие спортшы. Ол Олимпиада ойындарында толық медаль жиынтығын иеленген: алтын (Париж-2024), күміс (Рио-2016) және қола (Токио-2020). Сонымен қатар, 2015 жылғы әлем чемпионы және 2019, 2022 жылдардағы әлем біріншіліктерінің қола жүлдегері.
Астанадағы Qazaqstan Barysy Grand Slam – 2026 турнирі 8-10 мамыр аралығында Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында өтеді.