Әлем кубогы: 4 бірдей қазақ боксшысы алтын жүлде үшін жұдырықтасады

Бүгін, 17:18 / Ахмет Қанатұлы
olympic.kz. Суретте: Виктория Графеева

Бразилияның Фос-ду-Игуасу қаласында өтіп жатқан бокстан Әлем кубогы кезеңінде жартылай финалдық жекпе-жектер аяқталды. Нәтижесінде төрт қазақстандық спортшы алтын жүлде үшін финалда өнер көрсететін болды, деп хабарлайды Sportinside.kz.

60 келіге дейінгі салмақта Виктория Графеева Польша өкілі Анета Рыгельскаяны 5:0 есебімен сенімді түрде жеңді. Ал 65 келіге дейінгі салмақта Аида Әбікеева бельгиялық Ошин Дериге қарсы кездесуде 4:1 есебімен басым түсті.

85 келіге дейінгі салмақта Сұлтанбек Айбарұлы Германия спортшысы Валерий Вальтерді 5:0 есебімен ұтты. Сонымен қатар, 80 келіден жоғары салмақта Валерия Аксенова жеребе нәтижесі бойынша бірден финалға өтті.

Ал қазақстандық тағы үш боксшы жарысты қола жүлдемен аяқтады. Алуа Балқыбекова 51 келіде қытайлық қарсыласына 2:3 есебімен жол берсе, Жібек Жарасқызы алғашқы жекпе-жегінде жеңіліс тапты. Диас Молжігітов көз жарақатына байланысты жарысты жартылай финалда аяқтады.

Финалда қазақстандық боксшылар бразилиялық, өзбекстандық және венгриялық қарсыластарымен кездеседі.

Бұған дейін қазақстандық боксшы Саят Ілиясов Атырауда өткен Болат Теміровті еске алуға арналған 23 жасқа дейінгі боксшылар арасындағы үшінші халықаралық турнирдің жеңімпазы атанған еді.

Тэгтер:

Бокс әлем кубогы Виктория Графеева