Өзбекстаннан Қазақстанға қоныс аударған боксшы қуанышты хабарды жеткізді

25 сәуір, 2026 / Ахмет Қанатұлы
Өзбекстан бокс федерациясының баспасөз қызметі. Суретте: Саят Ілиясов

Қазақстандық боксшы Саят Ілиясов Атырауда өткен Болат Теміровті еске алуға арналған 23 жасқа дейінгі боксшылар арасындағы үшінші халықаралық турнирдің жеңімпазы атанды, деп хабарлайды Sportinside.kz.

Маңғыстау облысының намысын қорғаған Саят Ілиясов финалда Жамбыл облысының өкілі Асылхан Көшербаймен кездесіп, 65 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде жеңіске жетті.

Бұған дейін Саят Түркияның Ыстамбұл қаласында өткен Ахмет Комерт турнирінде күміс жүлде иеленген болатын.

20 жастағы боксшы – Өзбекстанда дүниеге келген этникалық қазақ. Ол бұған дейін Өзбекстан құрамасы сапында өнер көрсетіп, 22 жасқа дейінгі Азия чемпионы атанған және IBA 2025 әлем чемпионатына қатысқан. 2026 жылдың басында азаматтығын ауыстырып, Қазақстан құрамасына қосылды. Атыраудағы жеңіс – оның жаңа құрамдағы алғашқы титулы болды.

Айта кетейік, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Болат Теміровті еске алуға арналған турнир 21-25 сәуір аралығында өтіп, оған Қазақстан, Тәжікстан, Қырғызстан және Беларусь елдерінен 250-ге жуық жас боксшы қатысты.

Бұған дейін бокстан Өзбекстан құрамасының өкілі, этникалық қазақ Саят Ілиясов Қазақстанға қоныс аударғаны туралы жазған едік.

Тэгтер:

Бокс Қазақстан Өзбекстан Саят Ілиясов